Алматылық шәкірттердің бүгінгі күнге дейін республикалық ғылыми жарыстарда 15 рет жеңімпаз атанып, математика, физика, химия және биология пәндерінен 11-ші сынып оқушылары арасында өткен Президенттің олимпиадасында 4-ші рет жеңіс тұғырына көтерілгенін атап өткен жөн. Халықаралық интеллектуалды олимпиадалар мен ғылыми жарыстар кезінде олар шетелдік құрдастарына нағыз сындарлы бәсекелес бола білді. Оның айқын айғағы – тек қана 2017 жылдың өзінде үздік оқушылар Алматыға 59 алтын, 75 күміс, 90 қола медаль алып келген екен.
Алматы қалалық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 5 жыл ішінде Алматы бойынша білім саласын қаржыландыру 15 млрд. теңгеге өсіп, жалпы сомасы 62,7 млрд. теңгені құрапты. Физика, химия, биология кабинеттері мен лингафонды-мультимедийлі кешендерді қоспағанда, барлық білім ордалары 100 пайыз кеңжолақты ғаламторға қосылған.
Өткен 2016 жылы мектеп бітірген 6810 алматылық түлектің 254-і «Алтын белгі» алған еді.
Талғат Сүйінбай,
«Егемен Қазақстан»
Алматы